Баяғыда біреу той жасапты, тойға көп кісі жиналыпты, Қожа да келіпті. Қожанасырдың үстіндегі киімі жаман екен. Қожанасырды ешкім елемепті. «Төрге шық, тамақ іш», - демепті. Қожа үйден шығып кетеді де үйіне барып, тәуір киімдерін киіп, қайта келеді. Бұл жолы үй иесі Қожанасырды құрметтейді, төрден орын береді, ет келгенде: - Қожеке, алыңыз, алыңыз! - деп, қошеметтейді. Қожа етті жемей, табаққа шапанының жеңін малып: - Же, шапаным, же! - деп, отыра береді. Үй иесі: - Сіздің бұ не қылғаныңыз? Шапан ет жейтін бе еді? - дейді. Сонда Қожа: - Сен кісіні сыйламайды екенсің, киімді сыйлайды екенсің. Сондықтан шапаныма жегізіп отырғаным! - деп, жауап береді.
|